Время приёма посетителей с 09:00 до 12:30 часов
Республиканское государственное предприятие на праве хозяйственного ведения «Государственная вневедомственная экспертиза проектов»    
Телефон
+7 (7172) 57-44-84
E-mail
gosexpertiza@gosexpertiza.kz

Жұмыс сапасы жобалаудан басталады

2011-12-29

"Егемен Қазақстан" №660-665 (27057) 2011 жылдың 29-шы желтоқсаны

Жұмыс сапасы жобалаудан басталады

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты лайықты түрде Астананың бас архитекторы деп атайды. Ол елорданы көшіру идеясын жүзеге асырып қана қойған жоқ, сонымен бірге еліміздің бас қаласының одан әрі даму стратегиясын да айқындап береді. Жыл сайын астаналық архитектуралық қала құрылысы кеңесінде Президент мегаполис дамуының деңгейіне жоғары өлшемдер қоя отырып, қандай ерекше нысандардың пайда болуы тиіс екенін шешіп отырады. Астанадағы құрылыс сапасы да үнемі Мемлекет басшысының назарында.
Өкінішке қарай, тапсырыс берушілер мердігерлерге барлық уақытта бірдей Президент міндеттеген деңгейге сәйкес келетіндей талаптар қоя бермейді. «Мемсараптама» РМК бас директоры Бірлік ЕРЕЖЕПОВПЕН әңгіме де осы төңіректе өрбіді.

– Бірлік Бекмырзаұлы, көптеген құрылыс, қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жобалары мемлекеттік сараптамадан өтеді. Олай болса, іске қосылған нысандардың кей-кейде сараптама қуаттаған және жобаның тапсырыс берушісі бекіткен жағдайлардан алшақ жататыны неліктен?
– Жобаны жүзеге асырудың жоспарлау және құрылысты жүргізу сияқты екі негізгі сатысы бар. Мемлекеттік сарапшылар жобаға өз қорытындыларын берген кезде, ол барлық нормативтік талаптарға, қауіпсіздік шарттары мен ұзақ мерзімді пайдалану талаптарына жауап береді дегенді білдіреді. Біз жобалаудың соңғы сатысындағы сараптама барысында жобалық шешімдердің нормативтік талаптарға толық сәйкес келуін қамтамасыз етеміз. Сараптама барысында жобаларда қарастырылған жұмыс көлемі мен қаржы шығындарының шынайылығы мен негізділігі мұқият тексеріледі. Егер құрылысқа бюджет қаржылары салынса немесе басқа да мемлекеттік инвестициялар тартылса, біздің сарапшылар айрықша қатаң көзқарас танытады. Бұл да нысанды пайдалану кезіндегі сенімділік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етумен бірге «Мемсараптама» РМК қызметкерлері өз жұмысында шешетін негізгі міндеттердің бірі болып табылады.
Мәселе құрылысқа мердігерлік жұмыстарды сатып алу бойынша тендерлер өткізу үдерісі кезінде барлық жәйттің түбегейлі өзгеріп кететіндігінде болып отыр. Конкурстық ережелер бойынша саудаға қатысушылардың конкурстық өтінішінің бағалары басты рөл ойнайды, яғни неғұрлым төмен баға ұсынған біліктілігі онша емес компания ұтып шығады. Осылайша ашықтан-ашық демпингке барғандар жеңімпаз болып жатады. Конкурс қорытындысында мердігерлер нысанды салуға жұмсайтын қаржы құрылыс құнының бекітілген жобадағы бағасынан 30-40 пайызға төмен болып шығады. Осыдан келіп мердігерлікті ұтып алған компания құрылыс барысында тендерде белгіленген бюджеттен асып кетпеу үшін бекітілген жобамен өз қалаулары бойынша жұмыс істейді. Сондықтан да жобада бекітілген шешімдер мен есептеулерден ауытқулар байқалып жатады. Сонымен бірге құрылыс барысында төменгі сортты материалдар пайдаланылып, технологиялық үдерістерді орындаудың нормативтік мерзімдері сақталмайды. Осыдан келіп «шала туғандар» пайда болып, нысан сапасы күмәнді күйде қалады.
– Мемлекеттік сатып алулар конкурсы бюджет қаржыларын үнемдеу үшін өткізіледі. Ол жақсы емес пе?
– Оларды өткізудің кейбір принциптерін қайта қарау қажет. Сараң екі рет шығынданады деген халық даналығы уақыт тезінен өткен шындық. Әр тауар мен қызметтің есептеулер мен сапа талаптарына негізделген өзінің уақыттық құрамдасы мен өз құны бар. Сондықтан тендерде қызмет құны емес, материалдық-техникалық базасы мен тәжірибелі мамандары бар жобалау ұйымдарының рейтингі айқындаушы фактор болуға тиіс.
Жобалаушыларды рейтингтік негізде іріктеу тәжірибесі бүкіл әлемде бар. Шетелдерде жобалау компанияларының рейтингтік баға жүйелерін кәсіби тәуелсіз ассоциациялар қалыптастырады. Жоғары бағаға ие болған жобалау бюроларының қызметтері сөз жоқ, қымбат болады, бірақ олардың жұмыс сапасы да мінсіз. Сондықтан бұл рынокқа қатысушылар өз беделдерін қадір тұтып, сондай жақсы атақтан айырылып қалмауға тырысады.
– Сіздің ойыңызша, құрылысшыларды сапа үшін жауап беруге мәжбүрлеудің жолы қандай? Миллиондаған соманы құрайтын келісім-шарттар тұрғанда рейтинг арқылы сапаны құтқарып қалу мүмкін емес шығар деген күмән туады…
– Мердігерлер өздері жіберген ақау үшін ақшамен жауап беруі керек. Бұл да бүкіләлемдік тәжірибе. Тендерге қатысқан компаниялар тапсырыс берушінің есеп шотына жобаның кем дегенде 20-30 пайзын аударады деген талап мемлекеттік сатып алулар ережесінде заңды түрде көрсетілуі тиіс. Ақша 2-3 жыл бойы, яғни құрылысқа кепілді қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін тапсырыс берушінің депозитінде жатып, егер пайдалану кезеңінде ақаулар анықталар болса, соларды жоюға жұмсалатын шығындарды жауып отыратын болады. Осылайша күтілетін пайданы арттыру үшін құрылыс ұйымдары сапалы құрылыс жүргізіп қана қоймай, сонымен бірге субмердігерлерді мұқият іріктеуге, сондай-ақ сапалы құрылыс өнімдерін пайдалануға мәжбүр болады.
– Біздің еліміздегі жобалау жұмыстарының сапасына қандай баға берер едіңіз?
– Бүкіл Қазақстан сияқты Астана құрылыс технологиялары үшін сынақ полигоны болып табылады. Құрылыс қарқынына байланысты отандық құрылыс индустриясы дамуға үлкен серпін алды. Көптеген шетелдік компаниялар өздерінің технологиялары мен тәжірибелерін бізге әкелуде. Көптеген құрылыс материалдары мен бұйымдары сынақтан өтуде.
Соңғы жылдары деңгей көтеріліп келеді. Жақсы жобалаусыз сапалы нысанның болмайтындығы белгілі бола түсті. Бүгінде жобалау мен құрылысқа деген көзқарас көбіне-көп тапсырыс берушінің кәсібилігімен және біліктілігімен айқындалады. Сөйте тұрса да идеалға жетуге біз үшін әлі ертерек. Үстіміздегі жылдың 11 айында «Мемсараптама» РМК мен оның аумақтық бөлімшелері 8 мыңнан астам жобаны қарап, олардан 350 мыңнан астам бұрмалаулар тапты. Осы жылдың өзінде ғана біздің ескертулеріміз бойынша құрылыс нысандарының сметалық құны 650 миллиард теңгеге, оның ішінде, бюджеттік жобалар бойынша 250 миллиард теңгеге төмендетілді.
– Сапасына байланысты жобалық құжаттардың қанша пайызы «Мемсараптамаға» қайтарылады?
– Жыл сайын 10-15 пайызы. Бұл бізге төмен сапамен түсетін және сараптама барысында жіберілген кемшіліктер мен нормалардан ауытқуларды қоспағандағы жобалар.
– Неліктен осынша көп?
– Білікті мамандар, өз жұмысын терең білетін адамдар жұмыс істейтін жобалау ұйымдары саусақпен санарлық қана. Қазіргі уақытта көптеген жобалаушылар жобалардың бірнеше тараулары бойынша әмбебаптар ретінде жұмыс істеуге тырысуда. Осыдан келіп көптеген қателіктер орын алады.
– Сараптама барысында қандай жәйттер жиі-жиі наразылықтар туындатады?
– Біріншіден, жобалық құжаттар толық құрамда ұсынылмайды. Екіншіден, талаптардан, құрылыс нормалары мен ережелерінен көптеген ауытқушылықтар орын алады.
– Сіз өз персоналыңыздың рейтингтік бағасын жүргізесіз бе? Осал буындар қалай анықталады? Жобалаушылардың өздері де жобалық-сметалық құжаттардың жақсы сарапшылардың қолына тигенін қалайды емес пе?
– Бізде ішкі рейтинг бар. Жобалар техникалық күрделілігі мен қызметкерлердің кәсіби деңгейіне байланысты бөлінеді. Жобаның өтуі туралы ақпарат сайтта орналастырылады. Сарапшының ескертпелері мен бағалауларының қаншалықты объективті екенін баршаның да көру мүмкіндігі бар.
Біздің қызметкерлерді үздіксіз оқыту принципімен сарапшыларымыздың біліктілігін арттыру тұрғысында үнемі жұмыстар жүргізіп отыратынымызды атап өту қажет.
– Жобалық-сметалық құжаттарды электронды пішінде ұсыну жолдары қарастырылған ба?
– Қазіргі уақытта жобалау ұйымдары жобалық-сметалық құжаттардың түпкілікті нұсқаларын электронды түрде тапсыра алады. Ірі нысандар бойынша жобалардың қағаздағы нұсқасының бір ғана флеш-картаға сыйып кететініне қарамастан, кейде жарты тоннаға жететінін де айту қажет. Алдағы жылдан бастап біз электронды жобалық-сметалық құжаттармен жұмыс жөнінен Астанада қанатқақты жоба бастаймыз. Толықтай электронды құжат айналымын енгізу 2014 жылға дейін жалғасатын болады. Бізге электронды пішінге қатысты талаптардың нақты тізімін әзірлеу қажет.
– Жаңа жыл – әр кезде де жаңа үміттер кезеңі. Алда келе жатқан 2012 жылдан қандай үміттер күтесіз?
– Жобалық-сметалық құжаттарды электронды нұсқада ұсынудың арқасында біздің сараптаманың өту мерзімін қысқартып, оның сапасын арттырмақ ойымыз бар.
Алдағы жылдан бастап біз Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі жобалау ұйымдары үшін категория енгізеді деп күтіп отырмыз. Бұл кәсіпқойларды жоба бойынша жұмыстың бастауында-ақ «әуесқойлардан» бөліп тастау үшін қажет. Өз кезегінде біз өзіміз қарап жатқан жобалық-сметалық құжаттардың сапасы туралы Мемлекеттік архитектуралық құрылыс кеңесіне тоқсан сайын ақпарат беріп отырамыз. Біліктілігі төмен жобалау компанияларына әкімшілік сипаттағы шаралар қолдану қарастырылуда. Тағы бір жаңалық – ол агенттік жобалаушыларға беретін атаулы лицензиялар. Өз міндетіне адал қарамайтын мамандар үшін катерегорияны төмендету немесе сот арқылы лицензияны қайтарып алу сияқты шаралар қарастырылған. Мұндай жағдайда олар тендерлерге қатысу мүмкіндігінен айырылатын болады.
Осының бәрі жобалаушылардың өзіне тән кәсіби тарихын жасауға, олардың рыноктағы рейтингін анықтауға жағдай жасайды. Келісім-шарт міндеттемелерін кімнің, қашан, қайда және қалайша орындағаны мәліметтер базасында тіркеліп отыратын болады. Өйткені жер бетінде із қалдыру үшін әрбір сәулетшінің және әрбір жобалаушының беделді нысандарда жұмыс істеуге ұмтылатыны анық.
Әңгімелескен Венера ТҮГЕЛБАЙ.