Республиканское государственное предприятие на праве хозяйственного ведения
«Государственная вневедомственная экспертиза проектов»
2026 жылғы 11 қарашада «Қазан Экспо» халықаралық көрме орталығында өткен «BRICS халықаралық құрылыс апталығы» халықаралық форумы аясында «Цифрлық технология дамыған кезеңдегі құрылыс сараптамасына қажетті кадрлар: сараптама саласының білім беру жүйесіне қоятын талабы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға бейнеконференция байланысы арқылы Қазақстандағы «Мемсараптама» РМК бас директорының цифрландыру жөніндегі орынбасары Саламат Бауыржанұлы Серікқалиев қатысты.
Дөңгелек үстелде мемлекеттік органдар мен сараптама ұйымдарының, білім беру мекемелері мен құрылыс саласы өкілдерінің мамандары бас қосты. Кездесудің басты мақсаты – цифрлық өзгерістер, жасанды интеллектіні енгізу және заманауи ақпараттық технологияларды дамыту жағдайында құрылыс саласына қажетті мамандарды даярлаудың өзекті мәселелерін талқылау.
«Құрылыс сараптамасы: міндеттер, технологиялар және кадрларға қойылатын талаптар» бағыты бойынша С.Б. Серікқалиев «Қазақстандағы жасанды интеллект және сараптама саласын цифрландыру» тақырыбында баяндама жасады.
Ол баяндамасында «Мемсараптама» өкілі еліміздегі сараптама қызметін цифрлық тұрғыдан жаңғыртудың негізгі бағыттарын таныстырды. Сондай-ақ құрылыс жобаларына сараптама жүргізу үдерісіне жасанды интеллект технологиялары мен цифрлық шешімдерді енгізудің өзектілігіне және құрылыс саласындағы білікті мамандардың маңыздылығына тоқталды.
Дөңгелек үстел барысында технологиялық өзгерістердің сараптама ұйымдары мамандарына қойылатын кәсіби талаптарға ықпалы, заманауи цифрлық жүйелермен тиімді жұмыс істеу үшін қажетті құзыреттер және құрылыс саласы мамандарын даярлауда цифрлық сауаттылықтың ажырамас дағдыға айналғаны жөнінде кеңінен пікір алмасты.
Талқылауға Ресейдің «Бас мемлекеттік сараптама» федералдық автономды мекемесі, Татарстан Республикасының Мемлекеттік сараптама мекемесі, Беларусь Республикасының «Бас мемлекеттік құрылыс сараптамасы» республикалық унитарлық кәсіпорны, Мәскеу ұлттық зерттеу мемлекеттік құрылыс университеті, Қазан мемлекеттік сәулет-құрылыс университеті және «Иннополис» университетінің өкілдері қатысты.
Қазақстандық «Мемсараптама» өкілінің халықаралық кәсіби диалогқа қатысуы шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасу, сондай-ақ құрылыс сараптамасын дамытудың өзекті бағыттарын бірлесе талқылауға мүмкіндік береді.