Республиканское государственное предприятие на праве хозяйственного ведения
«Государственная вневедомственная экспертиза проектов»
«Мемсараптама» РМК Алматы қаласында онкологиялық орталығы және 350 адам қабылдайтын емханасы бар 250 төсектік көпсалалы аурухана салу жобасы бойынша оң қорытынды берді. Жаңа медициналық кешенді Медеу ауданында орналастыру жоспарлануда.
Жобаның тапсырыс берушісі «Алматы қаласының құрылыс басқармасы» КММ, бас жобалаушы— «Астанаинжпроект» ЖШС.
Жоба мамандандырылған медициналық көмек көрсетуге, оның ішінде онкологиялық аурулары бар пациенттерге бағдарланған заманауи көпсалалы емдеу кешенін салуды көздейді. Нысан құрамына 250 төсектік стационар, онкологиялық орталық және ауысымына 350 келушіге есептелген емхана кіреді.
Жобалық шешімдерге сәйкес, стационардың негізгі ғимараты алты біріктірілген блоктан тұрады. Тағы екі жеке блок жертөле қабаты арқылы негізгі корпусқа қосылады, бұл өз алдына аурухананың барлық бөлімшелері арасындағы тиімді логистика мен функционалдық өзара байланысты қамтамасыз етеді.
Стационар құрылымында кеудеторакальдық хирургия, бас және мойын ісіктері хирургиясы, урология, сүт безі ісіктері хирургиясы, гинекология, құрсақ қуысы хирургиясы, сәулелік терапия бөлімшелері, сондай-ақ екі химиотерапия бөлімшесі қарастырылған. Бұдан басқа, жобада оңалту және қалпына келтіру бөлімшесі, реанимация және қарқынды терапия бөлімшесі, хирургиялық және терапиялық бөлімдер блогы көзделген.
Жобаны іске асыру Алматы қаласының денсаулық сақтау жүйесінің пациенттерді диагностикалау, емдеу және оңалту мүмкіндіктерін кеңейтуге, мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және халыққа онкологиялық көмек көрсету үшін заманауи жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.