Время приёма посетителей с 09:00 до 12:30 часов
Республиканское государственное предприятие на праве хозяйственного ведения «Государственная вневедомственная экспертиза проектов»    
Телефон
+7 (7172) 57-44-84
E-mail
gosexpertiza@gosexpertiza.kz

Алатау қаласының бас жоспары түзетуден өтті

2025-10-01
Алатау қаласының бас жоспары түзетуден өтті
Алатау қаласының бас жоспары түзетуден өтті

2025 жылғы 26 қыркүйекте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алатау қаласына ерекше мәртебе беру туралы Жарлыққа қол қойды.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында: «Келесі қадам – Alatau City-дің мықты институционалдық негіздерін қалыптастыру. Қаланы ел Үкіметіне тікелей бағынатындай етіп, оған арнайы мәртебе беру туралы Жарлықты он күн ішінде әзірлеу керек. Содан кейін жарты жылдан асырмай, жеке заң қабылдау қажет. Құжатта қаланы басқару режимі, оның қаржылық моделі және басқа да маңызды мәселелер қамтылуға тиіс.», – деп атап өткен болатын.
Осыған байланысты, «Мемсараптама» РМК 2025 жылғы 21 шілдеде Алатау қаласының Бас жоспарын түзету жобасына оң қорытынды бергенін хабарлайды.
Бұл түзетулер өңірді жедел дамытуға бағытталған инвестициялық жобалар ескеріле отырып әзірленді және республикалық бюджетке қосымша салмақ түсірмей жүзеге асырылады. Жаңартылған Бас жоспардың негізгі мақсаты – инвесторларға қолайлы жағдай жасау, заңдық және инфрақұрылымдық қолдау көрсету, сондай-ақ жайлы әрі тұрақты қалалық орта қалыптастыру.
________________________________________
Болашақ қаласы: Алатаудың стратегиялық даму мақсаттары
Түзетілген Бас жоспар 5 стратегиялық бағытты қамтиды:
1. Туризм мен ойын-сауық орталығы ретінде дамыту (GREEN District);
2. Экспортқа бағытталған сауда-логистикалық торапты қалыптастыру (GROWING District);
3. Әлемдік деңгейдегі жайлы қалалық орта құру;
4. Тұрақты инфрақұрылымның дамуы;
5. Экономиканың басым салаларына инвестиция тарту.
2050 жылға дейінгі болжамдар:
• Халық саны 1,9 млн адамға дейін өседі;
• 1 млн жаңа жұмыс орны құрылады;
• Туристер саны жылына 4 млн адамға дейін жетеді (оның 60%-ы шетелдік);
• Тұрғын үй қоры 55,8 млн м²-ге дейін ұлғаяды;
• 3,6 млн м² іскерлік инфрақұрылым салынады;
• 40 мың студентке арналған білім беру кластері құрылатын болады.
________________________________________
Инвестициялық жобалар мен әлеуметтік инфрақұрылым
Бас жоспарға енгізілген түзетулер аясында:
• 28 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген;
• Жобалардың жалпы инвестиция көлемі – 648 млрд теңге;
• 10 мың жаңа жұмыс орны ашылады;
• 40 әлеуметтік нысан орналастырылады;
• Өнеркәсіптік аумақ көлемі 4 490 га-дан 6 020 га-ға дейін кеңейтілді.
Әлеуметтік салада:
• 173 жаңа мектеп (қазіргі таңда 15 мектеп бар);
• 227 балабақша;
• Халықаралық деңгейдегі екі көпсалалы аурухананы қоса алғанда, 102 денсаулық сақтау нысаны;
• 37 өрт сөндіру депосы (қазіргі таңда жоқ).
________________________________________
Негізгі инфрақұрылым және көлік
Жоба ірі көлік хабын дамытуды қамтиды:
• 2040 жылдан кейін пайдалануға берілетін жаңа халықаралық «Алатау» әуежайы;
• Алматы және Қонаев қалаларымен LRT және аэроэкспресс арқылы көлік байланысы;
• Жаңа теміржол вокзалының құрылысы;
• 464,5 га аумақта агропаркті қоса алғанда, көлік-логистикалық және индустриялық аймақтарды дамыту.
________________________________________
Инженерлік инфрақұрылым және тұрақты даму
Жаңа есептерге сәйкес инженерлік жүйелер бөлімі жаңартылды:
• Электрмен жабдықтау: қосымша екі жаңа қосалқы станция салынады;
• Газдандыру: газ тарату станцияларын жаңғырту және жаңаларын салу;
• Сумен жабдықтау және су бұру: ағынды суларды қайталама пайдалану жүйесін дамыту;
• Жылумен қамтамасыз ету: когенерациялық станциялар, жылу сорғылары және автономды шешімдер;
• Нөсерлік кәріз: жергілікті тазарту қондырғылары бар су жиналатын бассейндер;
• ҚТҚ: ескі полигонды жауып, рекультивациялау және екі жаңа полигон салу;
• Байланыс және цифрландыру: 5G енгізу және Smart City жүйесін дамыту.
Алатау қаласының Бас жоспарына енгізілген түзетулер мемлекеттік сараптамадан сәтті өтті және қала құрылысы талаптарына толық сәйкес келеді. Жоба өңірдің теңгерімді дамуын, жеке инвестицияларды қолдауды, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуды, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз етеді.
«Мемсараптама» РМК алдағы уақытта да стратегиялық даму жобаларын іске асыруға сараптамалық қолдау көрсетіп, құрылыс және қала құрылысы саласындағы мемлекеттік стандарттардың сақталуын қамтамасыз етуді жалғастырады.